Бүгін Түркістан облысында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты кең ауқымды форум өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Бұл туралы «AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Форум облыстың барлық өңірін қамтыды. Бір мезетте 3 қала мен 14 аудан аумағында бірдей форматта өткен жиында заманауи қаржылық қауіптер, заңсыз инвестициялық жобалар, қаржы пирамидалары, дроптар мен олардың салдары туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және облыстық прокуратураның, облыстық полиция департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері. қатысты. Форумда жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары және еліміздің халықаралық деңгейде танылған спорт шеберлері – Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары да бой көрсетті.
Форум аясында кәсіби сарапшылар халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары, цифрлық ортадағы алаяқтық қауіптері туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігінің арнайы бейнематериалдары көрсетіліп, нақты оқиғаларға негізделген интерактивті ойындар мен сахналық көріністер ұсынылды.
Түркістан қаласындағы Сейтметов атындағы сазды-драма театры ұжымы «Армандар күйреуі» атты қойылым арқылы қаржылық сауатсыздықтың зардабын шынайы, әрі әсерлі түрде көрсетті. Қойылым көрермендерге терең ой салып, үлкен әсер қалдырды.
Бұдан бөлек, форум шеңберінде облыстағы мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерьлерінде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында балалар мен тәрбиешілерге қаржылық сауаттылық жөнінде дәрістер өткізілді. Арнайы қызметтік іздестіру иттерімен бірге өткен үгіт-насихат жұмыстарына 4000-ға жуық оқушы мен 500-ден астам тәрбиеші қамтылды. Бұл шаралар вейп, қаржы пирамидалары, алаяқтық схемалар сынды өзекті мәселелерге қарсы алдын алу бағытын көздеді.
Форум соңында қатысушылар өз пікірлері мен сұрақтарын ортаға салып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Аталған іс-шара Мемлекет басшысының қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына орай ұйымдастырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға және қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру қабілетін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам болды.