Азаматтардың банктер мен қаржылық ұйымдар алдындағы несие қарыздарының жүктемелерін азайтып, әр отбасының берекелі тіршілігін қамтуға жәрдемші болатын «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы шеңберіндегі қаржылық сауаттылықты көтеруге арналған оқу курстары жүйелі жалғасын табуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Отбасылық бюджетті басқару, қаржыны үнемді жұмсау, табыс көлемін дұрыс есептеп, қажетсіз шығындарға ұрынбау дағдыларын үйрететін оқу семинарына Кентау қаласы мен оған жақын ауыл-аймақтардан 120-ға жуық адам қатысуда. Семинарға қалада жұмыс жүргізетін еңбек ұжымдарынан да өкілдер қатысып, әрбір адамға қажетті қаржы менеджментінің негізгі принциптерін үйренді.
Семинардың оқу бағдарламасы бойынша дәріс өткен қаржы менторлары өмірде кездесетін нақты мысалдардың негізінде несие түрлері, олардың шарттары жөнінде түсініктеме беріп, несие келісімшарттарында азаматтардың өз жауапкершілігіне алатын міндеттемелері туралы жан-жақты қамтылған мағлұматтар ұсынды. Несие алуға келісім берген тұтынушылар ең бірінші кезекте қандай шарттарды орындауға міндеттелетіні жайлы талаптар түсіндіріліп берілді. Банктер мен қаржылық ұйымдар ұсынатын несие өнімдері, олардың пайыздық мөлшерлемесі, аннуитеттік және сараланған төлем түрлері, төлем түрлерін есептеп шығару әдістері жайында азаматтарға пайдалы ақпараттар ұсынылды.
Отбасылық табысты есептеу, ай сайынғы міндетті шығындардың есебін жүргізу, отбасылық қаржылық қорды құру, оны тиімді басқару, отбасыға қажетті құнды зат сатып алу үшін мақсат қою, оған қол жеткізу үшін жинақ жүйесін пайдалану мәселелері бойынша да мамандар азаматтарға өздерінің кәсіби кеңестерін берді. Отбасының күнделікті шығындарының есеп-қисабын жүргізіп отыру әрбір азаматты үнемшіл болуға дағдыландырып, қаржыны ұқыпты ұстауға үйрететіні жайлы айтылды. Отбасылық кірісті ұлғайтуда жаңа кәсіп бастау, оның бизнес жоспарын түзу, кеткен шығынды белгілі бір мерзім ішінде толықтай өтеп, пайдаға кенелу кезеңіне жетудің қадамдық жолдары жөнінде ақыл кеңестер берілді.
Семинар барысында азаматтар «Қарызсыз қоғам» жобасын үйлестірушілер тарапынан кәсіби заңгерлердің қатысуымен өткізілген қабылдауда несие қарыздарын өтеудің кестесін қайта қарау мәселелері бойынша құқықтық консультациялар алып, несие шарттары бойынша бекітілген міндеттемелердің құқықтық мәртебесі жөнінде түсініктерге ие болды.