Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты өз сұхбатында қоғамның тұтастығы мен сабақтастығы – аға буын мен жас ұрпақтың өзара сеніміне негізделуі тиіс екеніне баса мән берді. Бұл ұстаным бүгінгі елдік бағыттың да, партиялық жұмыстың да басты өрісі болып бекіді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Аға буын мен жас толқын арасындағы өзара құрмет пен сыйластыққа негізделген қоғамдық қатынастар мәселесі «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының Сайрам аудандық филиалында өткен тағылымы терең, мағынасы салмақты кездесуде талқыланды. Жиынға партия филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Сыздықов қатысып, елдің дамуы жолында ерен еңбек еткен ардагерлермен жүздесті.
Кездесуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, қоғам қайраткері әрі меценат Сихымбай Сағындықов партиялық бағыт бойынша биылғы жылы аға буын өкілдерімен атқарылатын жұмыс жоспарына кеңінен тоқталып, ардагерлер институтының қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру бағытындағы нақты бастамаларды атап өтті. Оның айтуынша, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен парасаты – елдік істердің берік іргетасы.
Жиын барысында Қуаныш Сыздықов Мемлекет басшысы ұсынған стратегиялық басымдықтар – Әділетті қоғам құру, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, азаматтық белсенділікті арттыру бағыттары партиялық жобалармен тығыз үндес екенін атап өтті. Ол ардагерлерді партиялық жұмысқа белсене араласуға, қоғамдық бақылау мен кеңесші рөлін күшейтуге шақырып, аға буынның ақыл-кеңесі мен қолдауы – ел дамуының сенімді кепілі екенін жеткізді.
— Қартын құрметтеген қоғамда құндылық жоғалмайды. Біз аға буынмен сабақтастықты Әділетті қоғам құрудың басты шарты деп білеміз. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен азаматтық ұстанымдарыңыз жас буын үшін өлшеусіз мектеп. Біз Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды сіздермен бірлесе іске асыруға мүдделіміз, — деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы.
Кездесу еркін форматта өтіп, ардагерлер өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, әлеуметтік мәселелер, жастар тәрбиесі, қоғамдық келісім мен бірлік бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалар алдағы кезеңде партиялық жұмыс жоспарына енгізіліп, нақты жобалар арқылы жүзеге асырылатын болады.
«AMANAT» партиясы үшін ардагерлер – ақылдың кеніші, елдік мүдденің тірегі. Партиямыз «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасын іске асыру арқылы ұлттың өткеніне тағзым етіп, болашағына деген сенімін нығайта береді. Партия мен аға буынның бірлескен жұмысы алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.

