ҚАРТ ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ – БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАУҺАРЫ

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек екенін айтты. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз өз елінің өткенін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар бұл түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек» деді.

Елдік жиында айтылған көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуаты болуға тиіс деген орнықты тұжырымды іске асыруда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы бүгін Қазығұрт ауданында өтті. Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларды қоғам болып іске асырудың жолдарын айқындаған басқосуда қасиетті Қазығұрт баурайындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі ахуалы екшеліп, олардың туристік маңыздылығын арттырудың мүмкіндіктері де жан-жақты қаралды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партиямыздың «Ұлттық мұра» жобасымен үйлесіп, үндесіп жатқан бұл бастаманы тиянақты іске асыруда, өңір зиялыларының басын қосқан, азаматтық қоғамның мәртебелі мінберіне айналған «MIRAS» кеңесінің мүшелері ауданға жасаған жұмыс сапары аясында, тарихи-мәдени маңызы бар осы санаттағы бірқатар объектілердің басына барып, олардың қазіргі ахуалымен танысуды жөн көрді. Аудандағы 80-нен астам тарихи-мәдени және археологиялық маңызы бар, киелі орындардың қатарында Ақбура әулие кесенесі мен Кемеқалған киелі аймағының орны айрықша. Кеңес мүшелері осы екі орынды назарға алып, оларға арнайы баруды ұйғарды.

Қазығұрт тауының оңтүстік етегінде орналасқан Ақбура кесенесіне жанына ем іздеген, өткенге тағзым еткен, тұмса табиғатымызды тамсана тамашалап келген көптеген жолаушы, еліміздің әр түкпірінен осы қасиетті орынды арнайы іздеп келеді. Қойнауы талай тарихи оқиғалардың куәгері болған қарт Қазығұрт тауы – тек оңтүстіктің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жауһары десек те болады.

Халық жадында “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?…” деп келетін жыр бар екенін баршамыз білеміз. Ел аузында қалған аңыз әңгімелерде Жаратқанның қалауымен жер-жаһанды су басқанда он сегіз мың ғаламнан жануарлар мен өсімдіктерді жұп-жұптан салып алған Нұқ пайғамбар кемесі Қазығұрт тауының ұшар басына қайырлағаны жөнінде айтылады. Содан бергі кезеңде бұл аймақ тіршілік атаулының тамыр тартқан алтын бесік мекені ретінде ел құрметіне бөленген. “MIRAS” кеңесінің мүшелері қастерлі аймаққа табан тірей отырып, аңыздарда айтылатын Кемеқалған қасиетті орнына көтеріліп, тағзым етті. Тау басына көтерілудің өзі 3-4 сағат уақытты алады. Биікке шығудың қиындықтарына қарамастан, кеңес жетекшісі, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева бастаған топ алған бетінен қайтпай, Қазығұрт тауының ұшар басына шықты, елдің амандығын тілеп, тағзым етті.

Биіктен Атамекенге көз тастаудың өзі қандай ғанибет! Көктемнің жылы лебімен айнала тегіс оянып, жасыл желекке оранып жатқан тылсым кезеңнің ғажабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсем табиғаттың бедері әрбір жанға жігер беріп, Қазақ елінің әрбір сүйем жері қадірлі екенін білдіріп тұрғандай сезілді.

Партияның облыстық филиалы теңдессіз жауһарымыз саналатын осы киелі орындарды күтіп ұстау, олардың туристік әлеуетін ұтымды пайдалану, ұлттық рухты көтеретін бастамаларға айналдыру мәселелерінде белсенді ұстанымды ілгерілетуді жалғастыра бермек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды