«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аға толқынның өмір жолын құрметтеуге, еңбегін ұмытпауға, олардың тұрмыс-тіршілігіне нақты қолдау көрсетуге және жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет рухында тәрбиелеуге бағытталған тағлымды бастама. Партия белсенділері осы жоба аясындағы іс-шараларға азаматтық үлесін қосу арқылы елге еңбегі сіңген буынға деген қоғамдық жауапкершіліктің, ұрпақтар сабақтастығының және адамдық борыштың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қартын қадірлеген, жас буынға өнегелі тағлым берген Түркістан облысында партияластарымыз ардагерлерге қамқорлықты нақты іспен көрсетіп келеді. Өңірімізде үлкенге тағзым ету үрдісі ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы деп баланған. Өмірден көргені мен түйгені көп қариялардан бата алуды жастарымыз перзенттік борышымыз деп біледі.
Ұлттық тәрбиеміз бен халықтық мәдениетімізден тамыр тартатын осы құндылықты ілгерілетуде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Түркістан қаласының тұрғызы, жалғызілікті қария Құралай Батырбекованың шаңырағына барып, ауласын ретке келтіруге көмек көрсетті. Партия туы астына біріккен жастар, қария тұратын үйдің ауласында тазалық жұмыстарын жүргізіп, елеулі күшті талап ететін үй шаруашылығын жүргізуге қолғабыс жасады.
Құралай Батырбекова тұтас бір буынның тәрбиешісі болған қадірлі жан. Ол 40 жыл бойы балабақшада адал еңбек етіп, жүздеген бүлдіршіннің бойына мейірім мен тәрбие дарытты. Оның ғұмырлық жолы сабыр мен төзімге, қызмет пен жауапкершілікке негізделді. Жүзінен мейірім шуағы төгілген ана жастарға ақ батасын беріп, елімізге амандық, ұрпағымызға бақытты өмір тіледі.
— «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы жастардың дүниетанымын қалыптастыратын маңызды рухани бастама. Бүгін біз ардақты анамыздың шаңырағына барып, тұрмысына қолғабыс жасадық, ең бастысы – батасын алдық. Бұл біз үшін үлкен құрмет. Ардагердің батасы – ол өмір жолында тәжірибе жинаған адамның аманаты. Осындай сәттерде біз үлкенге құрмет көрсетудің мәнін терең сезінеміз және бұл сезім бізді ертеңгі күні елге адал қызмет етуге жетелейді, — деді Түркістан облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы.
Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты алдағы уақытта да ардагерлерге қолдау көрсетуге, жастарды елдік рухта тәрбиелеуге бағытталған осындай игі бастамаларды жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.

