«AMANAT» партия Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданына жасаған жұмыс сапары аясында «Көлкент» бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысып, ауыл азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Қоғамдық қабылдау кездесуіне Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев, аудандық мәслихаттағы фракция депутаттары, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар заңды мүдделерінің қорғалуына жәрдем көрсетуді сұрады, ағын су жетіспеушілігін шешуге байланысты ұсыныстарын білдіріп, экологиялық мәселелерге қатысты шағымдарын айтты. Табиғи газ жүйелерінің құрылысы, мобильді интернет сапасын арттыру, елді мекеннің жаңадан қосылған аймағына мектеп салу, ағын су арналарын тазарту, сапасыз салынған жол мен газ желілерінің құрылыстары бойынша талап-тілектерін жеткізді.
Қабылдауға Қарабұлақ ауылынан келген екі тұрғын да №42 Фурқат атындағы мектепте қалыптасқан келеңсіз жағдай бойынша шағымдарын айтты. Мектепте қызметкерлерді негізсіз қудалау жүріп жатқаны, сот шешімімен айыпты деп танылған азаматтың білім беру жүйесінде қызмет атқаратыны, мұғалімдер мен техникалық құрамға төленетін еңбекақының дұрыс есептелмейтіні жөнінде деректер ашық айтылды. Бұл мәселені облыстық партия филиалы бақылауына алды. Аталған деректер бойынша Сайрам ауданының әкімдігі білім бөлімімен бірлесе зерделеу жүргізіп, оның нәтижесін облыстық партия филиалына жолдайтын болады.
Партияның қабылдауына Теспе ауылынан қоғам белсендісі келіп, осы аймақтағы егістіктерге ағын су жеткізуші 8 каналды жөндеуге қажетті қаржы бөлінуіне ықпал етуді сұрады. Қарабұлақ елді мекеніндегі қоқыс полигонын жабу бойынша ұсынысын айтып, осы аймақтағы барлық елді мекендер шыбын-шіркейдің күрт артуынан зардап шегіп жатқанын жеткізді. Каналдарды жөндеуге қатысты ұсыныс облыстық фракцияның назарына алынды, бұл мәселе бойынша Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалмен шығып, ұсыныстың орындалуына күш салады деп шешілді. Ал Қарабұлақ ауылындағы полигон мәселесіне қатысты аудан әкімдігі оны пайдаланудан шығару жөнінде шешім қабылдап, топырақ құнарлығын қайта қалпына келтіруде рекультивация жұмыстарын жүргізуге дайындауда.
Айта кету керек, аталған полигон бұған дейін екі мақсатта пайдаланып келген. Оның біріншісі бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған болса, екінші мақсатына сай мал қалдықтарын төгетін орын ретінде пайдаланылған. Қарабұлақ ауылы еліміздегі ет өндіретін ең үлкен елді мекен саналады. Полигон іргесіне сойылған малдың қалдықтарын төгетін орын белгіленіп, оны жүйелі түрде залалсыздандыру мәселесі бақылауға алынған. Сайрам ауданының әкімдігі облыстық ветеринария басқармасымен бірлесе мал қалдықтарынан тарайтын шыбын-шіркейді болдырмауда сертификатталған химикаттар пайдалану мәселесін шешетін болды. Тұрғын көтерген бұл мәселе де облыстық партия филиалының ерекше бақылауында болады.
Ақсуабат ауылынан келген тұрғын ағын су тапшылығын айтып, Ақсу өзенінің суын пайдалану мөлшерін арттыру мәселесін қозғады. Өзі тұратын елді мекенде 200 шақты тұрғын үй табиғи газ жүйесіне қосылмай қалғанын айтып, аталған үйлерді газ жүйесіне қосу бойынша қолдау көрсетуді сұрады. Тұрғынға Ақсу өзенінен алынатын судың лимитін көбейтуге болмайтыны түсіндірілді. Оған негізгі себеп ретінде облыс ауқымында су қоры шектеулі екені, су арналарынан шектен тыс су алу үрдісі экологиялық тепе-теңдікті бұзатыны, су ағысынан төменде жатқан елді мекендерге су жетпей қалу қауіпін тудыратыны айтылды. Ал газ жүйелеріне қосылмай қалған үйлерге газ беру мәселесі аудандық бюджет есебінен кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Қабылдауға зағип анасын бағып отырған тұрғын келіп, облыстық офтальмологиялық диспансердің дәрігерінен мүгедектікке шығу бойынша дәрігерлік қорытынды алуға көмек көрсету өтінішімен жүгінді. Тұрғынның өтінішін назарға алған облыстық партия филиалының төрағасы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен байланысып, ерекше күтімде отырған мүмкіндігі шектеулі ананың мәселесі басқарма басшысының бақылауына алынды.
Сондай-ақ қабылдауға бір топ ауыл ақсақалдары келіп, Көлкент ауылындағы каналды тазалауға техника қарастырып беруді өтінді. Бұл мәселе партияның аудандық филиалының назарына алынып, эксковатор берілетін болып шешілді. Ауылдағы мобильді интернет сапасын арттыру мәселесі Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының бақылауына алынып, мамандар тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізетін болды. Елді мекендегі Түркістан, Абай көшелерін жөндеуге қажетті қаржы бөлу мәселесі аудан әкімдігінің және аудандық мәслихат депутаттарының назарына алынды. Көлкент елді мекенінің шетінде, жаңа құрылыс аймағында тұратын балалардың мектепке баруы үшін автобус тасымалы ұйымдастыру мәселесі қарастырылады. Елді мекеннің Жетіген, Жантақсай көшелеріне төселген сапасыз жол жабындысы мердігер ұйымның есебінен қайта жүргізіліп, газ жүйелерінің құрылысында тұрғындар білдірген ұсыныстар ескерілетін болды.
Қабылдауда айтылған барлық сұраныстар мен ұсыныстардың орындалуы облыстық партия филиалының бақылауында болады.

