АРАҚСЫЗ АУЫЛ – ӘРБІР ТҰРҒЫННЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Келес ауданында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қолдау және «Арақсыз ауыл – салауатты болашаққа бағыт» жобасын ілгерілету мақсатында кіші футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Сариев Даурен Нұрланұлы мен аудан прокурорының орынбасары Сержан Ернар Ержанұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.

— Бұл жарыс жастарды спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыратын маңызды іс-шара. Арақсыз ауыл – әрбір тұрғынның денсаулығы мен қоғамның тұрақтылығының кепілі. Біз жастарды заң мен тәртіпке баулып, болашаққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет, — деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы.

Жарысқа аудандық елді мекендерден келген 7 құрама команда қатысты. Соңында жеңімпаздарға дипломдар мен кубок табыс етілді.

Айта кетсек, Келес ауданының бірнеше ауылдық округі арақсыз ауыл мәртебесін алған. Қошқарата ауылдық округінде 2020 жылдан бері 3 елді мекенде ішімдік сатылмайды.  Алпамыс батыр ауылдық округінде 2023 жылдан бері дүкендерде спирттік ішімдік тосқауыл қойылса, ал Біртілек ауылдық округі Шұқырсай елді мекеніндегі дүкендерде ішімдік сатылмауын тұрғындар бірлесіп шешкен.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды