Тарихы терең, руханияты бай Сауран өңірінде Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының қолдауымен елді елең еткізген, рух пен сөз додасының үлгісіне айналған «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық айтыс өтті. Бұл – ұлттық өнеріміздің асыл мұрасын дәріптейтін, ел ішіндегі сөз шеберлерін танытатын тағылымды шара болды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақтың қанына сіңген қасиетті өнер – айтыс ежелден бері елдік пен ерліктің, ақиқат пен әділдіктің алаңы. «Жібек жолының жауһары» атты бұл дода – ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениеттер тоғысқан рухани кеңістіктің бүгінгі жарқын көрінісі іспетті.Сауран ауданында ұйымдастырылған айтысқа елімізге танымал сөз дүлділдері қатысып, қазақтың ұлттық өнеріне шөлдеген жұртқа шынайы шабыт сыйлады.
Айтыс барысында тек суырыпсалма өнер ғана емес, қоғамдық мәні терең, тәрбиелік маңызы зор мәселелер қозғалды. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай, айтыскерлер еңбек адамының қадір-қасиетін, адал еңбектің қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. Жастарды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке баулу, жұмысшы мамандықтарының абыройын арттыру – осы айтыстың басты идеяларының бірі болды. Сонымен бірге, ұлттық құрылтайда көтерілген басты рухани бағдар – Абай Құнанбайұлының есімі мен мұрасын ұлықтау да ақындардың жырынан тыс қалмады. Абайдың сөзімен, ұлы ойларымен өрілген шумақтар көрерменнің жүрегінен жол тапты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангерлердің ерен ерлігі мен тылдағы еңбектің маңызы айтыста ерекше тебіреніспен жырланды. Ақындар Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігі – ұрпаққа үлгі, елге аманат екенін сөзбен кестеледі. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы да ақындар назарынан тыс қалмады. Қазақ жерін мекендеген түрлі ұлт пен ұлыстың ынтымағы, ел ішіндегі достық пен татулық – бірлікті жырлаған тармақтармен көрініс тапты.
Ақындар Сауран ауданының тарихи тұлғаларын, жергілікті рухани және әлеуметтік жетістіктерін де жырға қосты. Бұл арқылы өңірдің өткені мен бүгіні байланысып, жас ұрпаққа тағылым, елге мақтаныш болар құндылықтар паш етілді. Сауран – рухы асқақ, тамыры терең мекен екенін ақындар шынайы тебіреніспен жеткізе білді.
Айтыс барысында тек жыр емес, елдің тағдыры, халықтың мұңы мен үміті, тарих пен тағылым, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері де өріліп отырды. Айтыс қорытындысы бойынша сөз додасына түскен ақындар арасынан суырылып шыққан үздіктер әділ бағаланып, арнайы жүлделермен марапатталды.
Айтысқа аймақтың әр түкпірінен келген белгілі және жас ақындар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар шешімімен жеңімпаздар төмендегідей марапатталды:
Бас жүлде – Бекарыс Шойбеков – 1 000 000 теңге,
І орын – Еркебұлан Қайназаров – 600 000 теңге,
ІІ орын – Нұрзат Қару – 450 000 теңге,
ІІІ орын – Қажымұхан Абзалов, Қалижан Білдашев, Шұғайып Сезімхан, Сырым Әуезхан әрқайсысына 350 000 теңгеден табысталды.
Арнайы жүлделер иегерлері 250 000 теңге көлемінде сыйақы берілді:
“Тәушен Абуова” атындағы жүлде – Аян Ниязбек, “Әселхан Қалыбекова” атындағы жүлде – Мейіржан Жақып, “Қаныбек Сарыбаев” атындағы жүлде – Нұрмахан Жақыпбек, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының жүлдесі – Ахметрасул Баянбайға, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесі – Нұрдәулет Өмірбекке табысталды.