«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЛАРЫ КАБИНЕТТЕ ЕМЕС, АУЫЛ-АЙМАҚТАРДА ӨТУДЕ

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының біліктілігін көтеру жөніндегі тапсырмасы аясында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысуымен «Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты ауқымды семинар өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Семинарға Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев және облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ауыл әкімдері, мәслихат төрағалары, сондай-ақ облыстық ішкі саясат және жастар орталықтарының жетекшілері қатысты.

Маңызды жиынды «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ғалымжан Қамытбекұлы семинардың мән-маңызына тоқталып, облыстық мәслихат депутаттарының қашанда бірлігімен, тиянақты тірлігімен елдік мәселе шешуде өздерінің ұстанымын білдіре отырып, еселі еңбек етіп келе жатқанын тілге тиек етті.

— Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Түркістан облыстық мәслихатындағы 4 ерекшелікті атап өткім келеді. Біріншісі, облыстық мәслихатта бірлік бар, ондағы 4 партияның өкілі қандай да бір бастамалар қолға алынса бірлесіп, жұмылып іске кіріседі. Екіншісі, мінез бар. Ұлтқа қызмет мінезден дегендей, мәслихат депутаттары қажет тұста мінез көрсетіп, өткір сұрақ, өткір мінез танытып келеді, тағы бір ерекшелігі еркіндік, онда пікір еркіндігі қалыптасқан. Одан соң, депутаттарға сабырлық тән. Бюджет қаржысы барлығына жете бермейді. Көкейтесті мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес. Соған қарамастан бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерге қолдау білдіріп, үнемі ауызбіршілік көрсетіп келеді, — деді Ғалымжан Елшібай.

Жиында сонымен бірге, халықтың бұрынғыға қарағанда сауаты да, өтініш тілегі де өзгергені айтылды. Бұрын көпшілік депутатты іздеп жүрсе, қазір депутаттың өзі халықты іздейтіні, оған дәлел «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары аясында мандат иелері бұрынғыдай кабинетте емес, ауыл-аймақтарда көшпелі қабылдаулар арқылы халықпен жиі жүздесетіні де сөз болды.

Семинарда сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жергілікті басқару институттарын жетілдірудің маңызын атап өтті және мұндай семинарлардың жүйелі түрде өткізілуі қажет екенін жеткізді. Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев «Парламент пен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылы: тиімді тетіктер мен институционалдық үндестік» тақырыбында баяндама жасады. Ол жергілікті мәслихаттар мен Парламент арасындағы байланыс арналарын жандандыру мен тиімді ынтымақтастық құру тетіктеріне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова «Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жергілікті бюджеттерді басқарудағы рөлі: Жаңа Бюджет кодексінің нормалары» тақырыбында мазмұнды баяндама оқып, жаңа заңнамалық нормалармен таныстырды. Ал сөз сөйлеу шеберлігі бойынша сарапшы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова «Сөйлеу өнері, халық алдында еркін сөйлеу: шешен депутат болып қалыптасудың 5 құпиясы» атты тренинг-лекция өткізді. Қатысушыларға практикалық кеңестер мен пайдалы әдістерді ұсынды.

Семинар барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, пікірталас форматында ой бөлісті. Жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытында ұсыныстар мен идеялар ортаға салынды. Халықпен тиімді коммуникация орнату жайы талқыланды. Депутаттар кейбір өзекті мәселелер төңірегінде ойларын айтып, нақты сауалдарын қойды. Сарапшылар тарапынан мазалаған сұрақтарына тиісті жауап алды.

Осы форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуы – халық пен билік арасындағы байланысты күшейтудің, халық сенімін арттырудың, әрі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы екені сөзсіз. Түркістан төрінде өткен бұл семинар – жергілікті өкілді органдар жұмысына жаңа серпін беретін маңызды бастама болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды