Бүгін Түркістандағы «Farab» әмбебеп ғылыми кітапханасында мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты жиын болып өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік жиын Түркістан музыкалық драма театрының әртістері әзірлеген музыкалық-хореграфиялық қойылымды тамашалаудан басталды. Қоғамның мәдени тынысын қамтып, құдіретті өнерді халыққа жеткізу жолында жанкешті еңбек етіп жүрген азаматтарға деген елдің ыстық ықыласын облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы жеткізді.
– Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл бастама Түркістанда мәдениет саласын дамытуға да серпін береді. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылдың өзінде аудан, қалаларда 4 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 7 мәдениет ошағының құрылысы жүріп жатыр. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр, — деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі мәдениет майталмандарының кәсіби мерекесіне орай, саланың үздік қызметкерлеріне Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған мемлекеттік наградаларды тапсырды. Елдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін: «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары Нұрлан Дүкенбаев – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгорим Мусагажинова мен «TURKISTAN SILK WAY HARBOR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлім меңгерушісі Махсад Халмет – «Шапағат» медалімен наградталса, «Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының әртісі Айжан Ахмухановаға – «Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі мәдениет саласының ардагері Абдулла Жұмашевке табысталса, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі – «Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония» әртісі Жазира Аралбаева мен Р.Сейтметов атындағы Түркістан драма театрының әртісі Аяз Илиясовқа берілді. Сондай-ақ облысымыздың мәдениет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген 12 жерлесімізге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Ұлттық құндылықтар әлемін құрайтын мәдениет саласы – түрлі мамандық иелерін топтастыратын, ортақ мақсат жолына біріккен ұжымдық жұмысты білдіреді. Әр мәдениет ошағы – ұлт өнерінің көмбесі, ұлт мұрасының ордасы. Мұнда шығармашылық азаматтардан бөлек, көптеген техникалық мамандар да жұмыс істейді. Жұмысшы мамандықтары жылына орай осы санаттағы бір топ қызметкерлерге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Алғыс хат табыстады.
Халықтың түрлі санаттарын бір мүдде, ортақ болашақ аясына біріктіріп, қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы мақсаттарға жұмылдыруда «AMANAT» партиясы жаңа саяси мәдениетті мығым орнықтырып келеді. Көптеген бастауыш партия ұйымдары ауылдардағы мәдениет ошақтарында қызмет атқарады. Партияның сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасында ауыл тұрғындарының қажеттілігі үшін заманауи үлгідегі мәдениет үйлері мен кітапханалар салу міндеттемелері қойылып, бақылауға алынған. Облыстық партия филиалы жанынан «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс жүргізіп, мәдениет саласындағы өзекті мәселелердің шешім табуын талқылайтын маңызды алаңға айналды. Жетісай, Мақтаарал, Түлкібас аудандарында «Кітап-AMANAT» рухани-ағартушылық орталықтары ашылып, облыс әкімінің қолдауымен және облыстық мәслихаттағы партиялық фракция депутаттарының ықпалымен Түркістанда Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы дербес ғимаратқа ие болатын болды.
Партия мен мәдениет қызметкерлерінің өзара тиімді ықпалдастығын нығайтуда ерен еңбегімен мәдениет саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партия атынан ризашылық білдіріп, Алғыс хат табыс етті. Аманаттықтардың қадір-құрметіне бөленген жандардың арасында ауылдық мәдениет үйлерінің меңгерушілері, кітапханашылар, әдіскер, көркемдік жетекші, дирижер, техникалық мамандық иелері бар.