Сауран ауданында аудан әкімдігі мен аудандық “Amanat” партиясы филиалының ұйымдастыруымен кезекті сенбілік шарасы өтті. Аудан орталығында өткен тазалық жұмыстарына 500-ге жуық тұрғын белсене қатысты. Іс-шараға 10 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тазалық науқанына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, сондай-ақ ауданның ерікті жастары, ауыл тұрғындары және мемлекеттік қызметшілер атсалысып, өз үлестерін қосты.
Облыс әкімдігінің бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, Сауран ауданы жыл соңына дейін 315 сенбілік шарасын өткізуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 79 сенбілік ұйымдастырылып, келесі нәтижелерге қол жеткізілді: жалпы 13 921 адам қатысып, 304 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шаралар барысында 25 800 түп ағаш егілді, 886,4 тонна қоқыс шығарылды.
Аталған көрсеткіштер аудан тұрғындарының қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті арттыруға деген жауапкершілігін айғақтайды. Сенбілік жұмыстары жыл соңына дейін жалғасып, аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталады.