«AMANAT-AQYLMAN» САЙЫСЫ ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Бүгін Қазығұрт ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «AMANAT-AQYLMAN» интеллектуалды ойындарының іріктеу кезеңі өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған іс-шара – жас көшбасшыларды анықтау, жастар арасында зияткерлік әлеуетті арттыру, танымдық қабілеттерін шыңдау, сондай-ақ, ежелден ілім мен білімнің алтын бесігі болған Түркістан өңірінің ағартушылық миссиясын қайта жаңғырту мақсатын көздейді.

Сайысқа Түркістан облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Бақытжан Жапбарқұлов, сондай-ақ партияның аудандық филиалының консультанты Ақбөпе Құрбан арнайы қатысып, жастарға сәттілік тілеп, олардың білім мен біліктілігін дамыту жолындағы бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Биыл төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған «AMANAT-AQYLMAN» зияткерлік сайысы жастар арасындағы білім бәйгесіне айналды. Қатысушылар логикалық ойлау, шешендік қабілет, ұлттық құндылықтар мен қазіргі заманғы білім аясында өз білімдерін сынға салды.

Сайыс бес кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылар тапқырлық танытып, топтық жұмыс пен бірлік арқылы жоғары ұпай жинауға тырысты. Қызықты да тартысты өткен додада:

  • III орын – “Мансап” орталығы мамандарынан құралған команда,
  • II орын – №11 колледж ұстаздарынан жасақталған команда,
  • I орын – Қазығұрт ауылы округі әкімі аппаратының қызметкерлерінен құралған командаға бұйырып, олар облыстық кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, бұл сайыс мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Ал байқаудың қорытынды кезеңі Түркістан қаласында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өтеді деп жоспарланған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды