Сарыағаш ауданында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған диктант жазу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл туралы “AMANAT” партиясы Сарыағаш аудандық филиалы хабарлады.
«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылып жатқан шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды қаржылық алаяқтықтан қорғау, қаржылық тәуекелдерден сақтандыру және азаматтардың жалпы қаржылық сауаттылығын арттыру.
«2025 жылғы 10–20 қазан аралығында елімізде «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» өткізу жоспарлануда. Бұл бастаманың басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық схемаларды тани білу және өздерін алаяқтықтан сақтандыру.
Бұл мәселелер қазіргі таңда қоғамда өзекті бола бастаған қауіптер қатарында тұр. Сондықтан, диктанттың негізгі миссиясы – азаматтарды осындай қаржылық схемалардан сақтандыру және құқықтық әрі қаржылық мәдениетті дамыту. Шара барысында диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, барлық деңгейдегі мұғалімдер мен педагогтар, мемлекеттік және жеке мекеме қызметкерлері, қаржы саласының сарапшылары, жалпы қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алады.
Қатысу үшін онлайн платформадан тіркеуден өту керек және 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру керек екен. Нәтижесінде 16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушы – жеңімпаз ретінде цифрлық дипломға, ал қалғандары қатысушы сертификатына ие болады. Сонымен қатар, республикалық деңгейде алғашқы болып тіркеліп, жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталатыны хабарланды.
Айта кетейік, бұл бастама – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін дамытуға арналған маңызды қадам. Әрбір азамат қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әділетті және тұрақты қоғам құруға да өз үлесін қосады.
Аудан тұрғындарын диктант жазуға бір кісідей қатысуға шақырамыз.

