ҚАЛАНЫ БАСҚАРУДА ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕРДІ ЕНГІЗУ ЖАНДАНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Кеңесте жылыту маусымының барысы, күнделікті мәселелер, қаланы басқару жүйесіне цифрлық деректер мен жасанды интеллектіні енгізу жоспарлары, сондай-ақ, туризм күнтізбесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерасыл Серік жылыту маусымы басталғалы бері 91 апатты жағдай тіркелгенін баяндады. Барлық ақау жедел қалпына келтіріліп, тұрғындардан шағым түспеген. Қаңтар айындағы газ жеткізуге уақытша шектеулерге қарамастан, 3-Энергоорталық пен коммуналды қызметтердің жұмысы тұрақты режимде жалғасып келеді. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуде шектеулер жоқ.

Сонымен қатар, биыл қалада 75 шақырымнан астам жылу желісін жөндеу, қазандықтар мен сорғы станцияларын, жылумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ін цифрландыру жұмысы, оның ішінде электронды құжат айналымын енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру жалғасуда.

Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Шымкентте цифрлық экожүйе белсенді дамып, түрлі цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Қалада «Shymkent Hub» аясында ірі білім беру бастамалары іске асырылуда, сонымен қатар, Freedom Telecom компаниясымен бірлесіп «AI LAB» жасанды интеллект зертханасын іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «QAZTECH» бірыңғай платформасына көшу аясында қаланың ақпараттық жүйелері есепке алынып, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.

«Smart Shymkent» жобаларына да мониторинг жүргізілді. Сәтті жүзеге асырылған бастамалардың қатарында дрон инфрақұрылымы бойынша пилоттық жоба, инсультті диагностикалауға арналған «CEREBRA AI» жүйесі және жасанды интеллект негізіндегі пациенттерге автоматты қоңырау шалу жүйесі бар. Тиімділігі төмен деп танылған бірқатар жоба уақытша тоқтатылды.

Бұдан бөлек, қаланың ситуациялық орталығында «Smart Data Ukimet» жүйесі жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 124 ақпараттық жүйе интеграцияланып, 12 басқарушылық ұсыныс іске асырылған. Жоба 2026 жылдың маусым айында толық аяқталады деп жоспарлануда.

Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, биыл Шымкентте ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, креативті индустрияны қолдауға бағытталған бірқатар ірі мәдени-туристік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, наурыз айында 10 елден келген шеф-аспаздардың қатысуымен Халықаралық гастрономиялық фестиваль өтеді. Бағдарламада шеберлік сағаттары, жергілікті мейрамханалар арасындағы байқаулар және ТМД елдерінен келген байкерлер қатысатын мотомаусымның ашылуы бар. Сәуір айында көктемнің символына арналған «Қызғалдақ» фестивалі ұйымдастырылып, қызғалдақтар шеруі, театрландырылған қойылымдар, флористер көрмесі және концерттік бағдарламалар өтеді.

Мамыр айында қалада ұлттық дәстүрді, қолөнер шеберлік сабақтарын, этно-шоулар мен спорт жарыстарын біріктіретін «Ethno Shymkent» фестивалі өтсе, күзде «Street Food Fest» фестивалін өткізу жоспарланған. Осы және басқа да іс-шаралар мыңдаған туристі тартуға және қаланың дамуына қосымша серпін беруге бағытталады.

Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді, жылу желісін жаңартуға бақылауды күшейтуді, қаланы басқаруда цифрлық шешімдерді енгізуді жандандыруды және күнтізбелік туризм іс-шараларын барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды