Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оңалханұлы баяндама жасап, жылыту жүйелерінің ағымдағы жағдайы мен алдағы маусымға әзірлік жұмыстарын баяндады.
Қазіргі таңда жалпы 12 561 тұтынушы орталықтандырылған жылумен қамтылған, оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік нысан, 55 кәсіпкерлік субъектісі және 36 жеке тұрғын үй бар.
2025–2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық жұмыстары сәуір айында басталып, барлық қазандықтар мен жылу жүйелері қысымдау және шаю сынағынан өткен. Анықталған ақаулар толық жөнделіп, қазіргі таңда ыстық сумен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілуде.
Қазан айында маусым басталар алдында қосымша сынақ жұмыстары өткізілмек. Арман Оңалханұлының айтуынша, бүгінде қала қысқы жылу жүйесіне толық дайын.
Қала әкімі 13 қазанға дейін барлық білім және денсаулық сақтау нысандарындағы жылу жүйелерін толық сынақтан өткізіп, анықталған ақауларды жедел ретке келтіруді тапсырды.

