«ҚАЛА МЕН АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСА БЕРЕМІЗ»

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Арыс қаласына жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысы қаралып, тұрғындармен кері байланыс күшейтілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және партия активі қатысты.

Партия өкілдері алдымен Ақдала ауылдық округіндегі мәдениет үйі жанындағы «Ақдала» бастауыш партия ұйымында болды. Алтынсары Дүйсенбекұлы біздің басты мақсатымыз – халықпен тікелей жұмыс істеп, нақты мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын табу екенін атап өтті. «Партиямыз ауыл-аймақпен тығыз байланыс орнатып, әрбір бастауыш ұйым қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Арыс – елдің ең еңбекқор, белсенді өңірлерінің бірі. Біз сіздермен бірлесе отырып, қала мен ауылдың дамуына үлес қоса береміз», — деді филиал төрағасы.

Жиын барысында жергілікті халықтың ұсыныстары тыңдалып, олардың көкейкесті мәселелері партия бақылауына алынды. Ал, партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков те сапардың маңызын атап өтті. «Арыс қаласында партия жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бастауыш ұйымдар белсенділік танытып, әлеуметтік жобаларға атсалысып келеді. Тұрғындармен үздіксіз байланыс орнату – біздің негізгі жұмыс бағытымыз», — деді ол.

«Ақдала» бастауыш партия ұйымының төрағасы Санжар Маханов партиялық жұмыстардың барысы мен бастамаларды жүзеге асыру бойынша баяндап, атқарылған істерді таныстырды. «Біз тұрғындармен күнделікті байланыстамыз. Әлеуметтік мәселелерді уақытылы талдап, тиісті органдарға жеткіземіз. Партияның қолдауының арқасында көптеген мәселе шешімін табуда.

Айта кетейік, бүгінде Арыс қалалық партия филиалы құрамында 5 мыңнан аса мүше бар, олар 15 бастауыш партия ұйымы арқылы біріккен. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, қоғамдық мәселелерді шешу, тұрғындармен тікелей жұмыс – филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сапар қорытындысында партия төрағасы аймақ белсенділерімен пікір алмасып, алдағы міндеттерді айқындады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды