ҚАЛА ӘКІМІ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ДАМУ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, білім беру ұйымдарындағы цифрлық қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі мен жергілікті кәсіпорындардың даму әлеуетімен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қала басшысы алдымен №80 IT мектеп-лицейінде болып, білім беру ұйымдарында енгізіліп жатқан «Aiqyn» зияткерлік жүйесінің жұмысымен танысты. Аталған жоба аясында оқу орнында Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған 125 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жүйе арқылы жауапты тұлғалар оқу-тәрбие үдерісін онлайн режимде бақылап, талдап, басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік алып отыр.

Сонымен қатар оқу орнында турникеттер мен өрт дабылы зияткерлік бейнебақылау жүйесіне біріктірілген. Бұдан бөлек, мектепке «Alaqan mektep» жүйесінің екі аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Бұл кешен әрбір оқушыны асханаға кірген сәтінен бастап автоматты түрде тіркеп, күнделікті есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар қаладағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті, бақылауды және ашықтықты арттыруға бағытталған.

Аралау барысында шаһар басшысы алюминий композит панельдерін өндіретін «Alstar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехтарын да аралады. Кәсіпорында қазіргі таңда 10 жұмыс орны құрылған, ал жылдық өндірістік қуаты 900 мың шаршы метрге дейін жетеді.

Сондай-ақ пенополистирол (пенопласт) бұйымдарын өндіретін «Arlan Юг Строй» ЖШС қызметімен танысты. Аталған кәсіпорын тәулігіне шамамен 200 текше метр өнім шығарып, 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында кәсіпорын басшылығымен өндірісті одан әрі дамыту, қуаттылықты кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Қала әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорындарға қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды