ҚАЛА БАСШЫСЫ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһар аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, бірқатар нысандарды аралады. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен қала басшысы Отырар тұрғын алабындағы жол инфрақұрылымының жай-күйімен танысты. Мұнда Шаян, Ойсыл қара, Келес және оған іргелес жатқан, жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысында жолдың негізі әзірленіп, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт қабаты төселуде. Сонымен бірге, жол жиегі мен біржақты аяқжол салу жұмыстары атқарылуда.

Әзімбек Пазылбекұлы мердігер ұйымдарға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қатаң бақылауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық инженерлік және инфрақұрылымдық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан ипподромға апаратын жолдың құрылысымен танысты. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын бұл жолда екі қабатты асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Қазіргі таңда жолдың екі жағында аяқжол төсеу жұмыстары жалғасуда. Қала әкім құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жауапты мердігер мекемеге барлық талаптардың сақталуын және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы Б.Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойындағы көгалдандыру және гүл егу жұмыстарын аралады. Қаланың негізгі магистральды көшелерінің бойында түрлі ағаш түрлері отырғызылып, жасыл аймақтардың көлемі ұлғаюда.

Қала әкімі аталған жұмыстардың эстетикалық және экологиялық маңыздылығын атап өтіп, көгалдандыру шараларының сапасын арттыру, отырғызылған ағаштар мен гүлдердің күтімін тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала әкімдігі тарапынан барлық нысандардың уақтылы әрі сапалы аяқталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды