АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ САБАҚТАРЫ ТОЛЫҚ ӘРІ ЖҮЙЕЛІ ӨТКІЗІЛУІ ТИІС

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек  Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды — қысқы жылыту маусымына дайындық барысы және күзгі әскерге шақыру жұмыстарының ұйымдастырылуы. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірінші мәселе бойынша Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оңалханұлы баяндама жасап, жылыту жүйелерінің ағымдағы жағдайы мен алдағы маусымға әзірлік жұмыстарын баяндады.

Қазіргі таңда жалпы 12 561 тұтынушы орталықтандырылған жылумен қамтылған, оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік нысан, 55 кәсіпкерлік субъектісі және 36 жеке тұрғын үй бар.

2025–2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық жұмыстары сәуір айында басталып, барлық қазандықтар мен жылу жүйелері қысымдау және шаю сынағынан өткен. Анықталған ақаулар толық жөнделіп, қазіргі таңда ыстық сумен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілуде.

Қазан айында маусым басталар алдында қосымша сынақ жұмыстары өткізілмек. Арман Оңалханұлының айтуынша, бүгінде қала қысқы жылу жүйесіне толық дайын.

Қала әкімі 13 қазанға дейін барлық білім және денсаулық сақтау нысандарындағы жылу жүйелерін толық сынақтан өткізіп, анықталған ақауларды жедел ретке келтіруді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының басшысы Дилмурад Нұржанов баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап ҚР Президентінің жарлығына сәйкес күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Бұл бағытта басқарма жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және шақыру процесін жетілдіру бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда.

Әзімбек Пазылбекұлы  аппараттық мәжіліс барысында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Ішкі саясат бөліміне қала аумағында Қарулы Күштерді насихаттайтын билбордтар мен бейнероликтер орнатуды, білім бөліміне мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтарының толық әрі жүйелі өткізілуін қамтамасыз етуді, ал қорғаныс істері жөніндегі басқармаға әскерге шақырылған жастарды салтанатты түрде шығарып салу және әскери борышын өтеп келген сарбаздарды күтіп алу рәсімдерін тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды