Сарыағаш ауданындағы Дихан баба елді мекенінің тұрғыны Ермек Қаңлыбай 66 мың түп құлпынайдың «Монтерей», «Априка» және «Клери» сорттарын еккен. Бүгінгі таңда 1 гектар алқаптан 20 тоннаға жуық құлпынай өнімі жиналған. Өнім Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ көрші елдерге экспортқа шығарылып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шаруаның айтуынша, мұндай жоғары нәтижеге заманауи агротехнологиялар мен дұрыс күтім сеп болған. Құлпынай өсіру барысында тамшылатып суару жүйесі мен жерді органикалық тыңайтқыштармен байыту әдісі қолданылған. Бұл тәсілдер өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, шығынды азайтуға және еңбек өнімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

