АЙЫППҰЛДАРДЫ ӨЗ УАҚЫТЫНДА ӨТЕУ МАҢЫЗДЫ

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының нұсқауына сәйкес, өңір көлемінде “Борышкер” жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Шара аясында Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардың әкімшілік айыппұлдары мен өзге де берешектерін өндіру бағытында рейдтік іс-шаралар өткізуде. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тәртіп сақшылары борышкерлерге заң талаптарын түсіндіріп, айыппұлдарды өз уақытында өтеудің маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар іс-шара барысында 1500-ге жуық жүргізушімен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, 750-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық жайты анықталып, заң талаптарына сәйкес шара қабылданды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда заңға бағынушылық қағидатын нығайту болып табылады.

Түркістан қалалық Полиция басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды