Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауылы округінің Атажұрт ауылында – Республика күні мерекесі қарсаңында, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен орталықтандырылған жаңа ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы Атажұрт ауылындағы 1000-нан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.

