ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМСАЛУДА

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Ерлан Әбдиев және Темір Қырықбаев жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданының Темірлан ауылындағы жаңадан бой көтерген Өнер мектебіне барды. Сапар барысында халық қалаулылары білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, мектеп ұжымы тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Сонымен қатар оқу орнының бүгінгі даму деңгейі мен алдағы жоспарлары сараланып, оқушылардың өнер көрсетілімдері тамашаланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өнер мектебінің директоры Айгүл Абуталипова мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оның айтуынша, мектеп құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталып, желтоқсан айында толық аяқталған. Жаңа ғимарат өнерге ынталы балалар үшін кең мүмкіндіктер ұсынып отыр.

300 орындық заманауи өнер мектебінде музыкалық білім беруге және шығармашылықты дамытуға барлық жағдай жасалған. Ғимаратта 150 орындық концерт залы, кітапхана, топтық жаттығу бөлмелері, ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сыныптары және музыкалық аспаптар қоймасы бар. Екінші қабатта дыбыс жазу студиясы, хор және түрлі музыкалық үйірмелер, халық аспаптары бөлмесі, сахна мен сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.

Айта кету керек, бұл жаңа нысан 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін әрі апатты жағдайда болған ескі мектептің орнына бой көтерген. Бұрынғы ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл көрсеткіш жобалық қуатынан бірнеше есе артық болған. Ал 45 мұғалім тар, әрі қолайсыз жағдайларда жұмыс істеуге мәжбүр еді. Жаңа мектептің ашылуымен бұл мәселе толықтай шешімін тапты.

Темірлан ауылындағы жаңа өнер мектебі  өңірдің мәдени өміріне серпін беріп, жас таланттардың қалыптасуына жол ашатын маңызды жоба. Енді балалар музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық сыныптарда меңгеріп, шығармашылық әлеуетін еркін дамыта алады. Бұл мемлекетке қайтарылған активтердің ел игілігіне нақты қызмет етіп отырғанының айқын дәлелі.

Жұмыс сапары барысында делегация «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесу кезінде ауданда жүзеге асырылып жатқан инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударылды. Мәжіліс депутаттары көтерілген мәселелердің заң аясында қаралып, мүмкіндігінше қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды