АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІН КӨПШІЛІКПЕН БІРГЕ БӨЛІСЕТІН КҮН

Аудан орталығындағы Орталық алаңда ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында аудан еңбеккерлерінің маусымдық өнімдері тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынылып, шаруалардың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шара аясында асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі, асыл тұқымды қошқардың салмағын өлшеу рәсімі өтті. Сонымен қатар үздік өнім алған шаруа қожалықтары, ауылдық округ әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы мамандары марапатталды.

Мерекелік жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков еңбек озаттарын құттықтап, саланың дамуына үлес қосқан азаматтарға марапаттар табыс етті.

– «Бұл мереке – бір жыл бойы төккен тердің, адал еңбектің жемісін көпшілікпен бірге бөлісетін қуанышты күн. Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың негізгі тірек салаларының бірі. Қиындығына қарамастан, Сіздер еңбекқорлық пен табандылық танытып, жердің ырысын арттырып, мал басын көбейтіп, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытып келесіздер. «Еңбек адамы – елді алға бастайды» деген сөз бар. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін. Алдағы күндеріміз берекеге толы болып, еңбегіміздің жемісі еселене берсін», – деді аудан басшысы.

Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Шолаққорған ауылдық округі (округ әкімі Жеңісәлі Төлепбергенов) І орын, Қарақұр ауылдық округі (округ әкімі Ғалым Бимендиев) ІІ орын, Сызған ауылдық округі (округ әкімі Базар Жаппарқұлов) ІІІ орынға ие болды.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл еңбеккерлеріне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, үздіктерді марапаттады.

Мерекелік концертпен түйінделген шарада тұрғындар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.

Биылғы жылы аудан көлемінде 7 371 гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қатар, жаңа жоңышқа егістігі бар. Бұдан бөлек, 7 267 гектар алқапта ескі жоңышқа өсірілуде.

Су үнемдеу технологиялары да кезең-кезеңімен енгізілуде. 197 гектарына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері орнатылып, өнімділікті арттыруға жол ашылды.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де жүйелі жалғасуда. Жыл басында 33 дана жаңа техника алу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 26 техника жеткізілді. Бұл шаруалардың еңбегін жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға ықпал етуде.

Аудан аумағында балық шаруашылығы да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 15 шаруашылық жұмыс істеп, онда сазан, форель, дөңмаңдай секілді балық түрлері өсірілуде.

Мал шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданда 42 490 бас ірі қара, 266 329 бас қой, 27 818 бас ешкі, 36 497 бас жылқы, 16 873 бас түйе және 28 247 құс өсірілуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды