“ALEM TECH FEST — 2026” фестивалінде әлемнің 7 елінен 5000-нан астам оқушы бас қосты. Олардың қатарында Түркістан облысының оқушылары бар. Осы жарыста FLL Challenge санаты бойынша Түркістан облысының намысын қорғаған Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп интернатының “TOLEBI DARYN» командамыз жүлделі “Champions Award Winner” Бас жүлдені жеңіп алды. Дарынды оқушыларымыз АҚШтың Хюстон қаласында 2026 жылы 29 сәуір- 2 мамыр аралығында 192 мемлекет арасында өтетін “FIRST Championship” халықаралық чемпионатында Қазақстан республикасының намысын қорғамақ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, “FIRST Tech Challenge” санаты бойынша қазығұрттық “Union Tur” командасы үлкен жетістікке жетіп, 4 жылдық оқу гранттарын жеңіп алды. Аға жетекшілер: Оразхан Бексұлтан – Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназия информатика және робототехника мұғалімі және Устенов Нұрсұлтан – Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп-лицей информатика және робототехника мұғалімі;
Сонымен қатар, “FIRST LEGO League Challenge” бағыты бойынша “Qazygurt” командасы жоғары нәтиже көрсетті. Олар “MOTIVATE AWARD”, “BEST PID AWARD” кубогы табысталып, ең үздік командалық топ атанды. Нәтижесінде, Қазығұрттық оқушылары “China FIRST LEGO League Off-Season — 2026” турниріне жолдама алды (Бейжің, Қытай).
“ALEM TECH FEST — 2026”фестивалі — Қазақстан мен Орталық Азиядағы робототехника, жасанды интеллект, STEM және инженерлік шығармашылық бағытындағы ең ірі іс-шара. 15 000 шаршы метр аумақта Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Гонконг және Вьетнамнан келген шамамен 5000-нан астам қатысушы өз жобаларын ұсынды.
Фестиваль аясында FIRST бағдарламасы бойынша өтетін “Central Asia FIRST Championship” халықаралық чемпионатына қатысушылар инженерлік жобаларын қорғады. Одан бөлек, Alem Drone League дрон жарыстары, гуманоид роботтар, RoboCup, Battle of Bots және Hour of AI сияқты бағыттары да болды.

