Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясы мәжілісі өтті. Жиналысты партияның облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы және орындалмай қалу қаупі бар нысандар туралы кеңінен талқыланып, «AMANAT» партиясы жанындағы «Әйелдер қанаты» Түркістан облыстық филиалының атқарған жұмыстарының есебін тыңдалды. Сондай-ақ әйелдер көшбасшылығын ілгерілету мәселесі талқыланып, ұсыныстар айтылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының орындалуы барысына тоқталды.
– Өздеріңізбен бірлесіп, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша облыстың 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, облыс үшін маңызды іс-шаралар қамтылды. Жалпы іс-шараларды жүзеге асыруға 3 трлн. теңге жоспарланған. Жол картасы аясында 2025 жылға 121 іс-шараның орындалуы жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 77 іс-шара орындалды, 30-ы орындалу үстінде. Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды саласы. Жыл басынан өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орын алды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу саласын дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста мақта, ет және жүгері, яғни, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Жалпы кластерлік бағыт – отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Аталған 3 кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Өздеріңізге белгілі, республикалық бюджетте 2 жылдан бері қаржы тапшылығы байқалып келеді. Осыған байланысты, Президент пен Үкімет бюджет шығындарын оңтайландыру жүргізуді тапсырған болатын. Оңтайландырылған қаражат бірінші кезекте шешуді қажет ететін әлеуметтік мәселелерге қайта бағытталатын болады. Жалпы Жол картасында көзделген іс-шараларды сапалы орындау бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі тарапынан сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына тұрақты бақылау жүргізілуде. Алға қойған жоспарларға қол жеткізу бойынша барлық шаралар қабылданатын болады, – деген Нұралхан Оралбайұлы өзге де бағыттағы жұмыстарға тоқталды.
Түркістан облысында 3 кластерлік бағытты дамытуға басымдық берілуде. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде 229 мың тонна мақта өңделеді. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы биыл аяқталады. Құны – 35 млрд. теңге, 251 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны – 50 млрд. теңге, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Нәтижесінде,қосымша 35 мың тонна ет өңделеді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 25,6 млрд. теңгеге 6 бағыт бойынша 3750 жобаға несие берілді. Нәтижесінде 39 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 23 гектарға 477 жылыжай салынды. Шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артып, 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өңірде сапалы жұмыс орындарын құру мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жыл басынан 132 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.
Жиын соңында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының Қаулы жобасы қабылданды.

