2025 ЖЫЛЫ АЙЫППҰЛДАР ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

2025 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3932 теңгеге жетеді, бұл қазіргі көрсеткіштен 240 теңгеге артық. Қазіргі уақытта АЕК мөлшері 3692 теңгені құрайды. АЕК өсуімен қатар, бұл өзгеріс айыппұлдар мен басқа да мемлекеттік төлемдердің ұлғаюына әсер етеді. Бұл туралы Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы хабарлады.

Айыппұлдардың 6,1 пайызға өсуі, атап айтқанда, әр түрлі құқық бұзушылықтар үшін белгіленген айыппұлдарды көбейтеді. Мысалы, жол қозғалысы ережелерін бұзу, қоғамдық тәртіпті бұзу, салықты төлеуден жалтару сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдар жаңа АЕК мөлшеріне сәйкес қайта есептеледі.

 

2025 ЖЫЛЫ БЕЛГІЛЕНЕТІН АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ:

  • Жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін арттырғаны үшін – 19 660 теңге;
  • Жылдамдықты сағатына 20-40 шақырымға дейін арттырғаны үшін – 39 320 теңге;
  • Сағатына 40 шақырымнан асса – 78 640 теңге, ал бір жыл ішінде қайта заң бұзылса – 117 960 теңге;
  • Көлікті көлік жүргізу құқығынсыз басқарса – 78 640 теңге;
  • Көлікті жүргізу құқығынан айырылғандарға – 196 600 теңге немесе 20 тәулікке қамауға алынады;
  • Жол белгілерін немесе таңбаларды сақтамағаны үшін – 11 796 теңге;
  • Қызылға жүру немесе реттеушіні елемеу – 39 320 теңге, ал қайталап заң бұзу – 58 980 теңге;
  • Жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиектері немесе тротуарлармен жүргені үшін – 58 980 теңге;
  • Тұрақ немесе тоқтау ережелерін бұзу – 19 660 теңге;
  • Тротуарда немесе гүлзарларға көлік қойғаны үшін – 39 320 теңге;
  • Тұрақ ақысынан жалтару – 11 796 теңге;
  • Қызметкердің көлікті тоқтату туралы талабын орындамау – 157 280 теңге. Дәл осындай әрекетті қайталаса, жүргізуші құқығынан айыруға және 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады;
  • Жүргізуші құқығынан айырылған адамдарға бұл заңбұзушылық үшін – 235 920 теңге;
  • Жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу, бекітілмеген белбеу және тізгінде телефонды пайдалану – 19660 теңге;

Бұл өзгеріс, әдетте, мемлекеттік бюджетке қосымша қаржы түсімін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мұндай шара құқық бұзушылықтарды азайту және тәртіпті нығайтуға бағытталған болып табылады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды