Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді көпір – бұл азаматтардың дауысы, яғни олардың жолданымдары.
Қарапайым адамның мәселесін тыңдау, оны шынайы шешуге ұмтылу – кез келген мемлекеттік органның басты міндеті. Ал бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Өкінішке орай, кейде жолданымдар формальды түрде қаралып, нақты нәтиже болмай жатады. Ал шын мәнінде, әр жолданым – адам тағдыры, өмірлік маңызды сұрақ.
Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. 2021 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі — ӘРПК) осы мәселені жаңа деңгейге шығарды. ӘРПК тек рәсімдер жиынтығы емес – бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа құралы.
ӘРПК-ге сәйкес, әрбір мемлекеттік орган жолданымдарды тек уақтылы ғана емес, сонымен қатар сапалы қарауға міндетті. Бұл берілген фактілерді объективті талдауды, жағдайларды жан-жақты тексеруді және негізделген жауап беруді көздейді. Сонымен қатар, ӘРПК рәсімдік әділеттілік қағидаттарын енгізеді: азаматтың әкімшілік рәсімге қатысу құқығы, дәлелдемелер ұсыну және қабылданған шешімдерге шағымдану құқығы қамтамасыз етіледі.
Жолданымдарды сапалы қарау – бұл сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен адалдығын талап ететін үрдіс.
Рәсімдердің бұзылуы немесе жолданымдарды елемеу әкімшілік әділет қағидаттарын бұзып қана қоймай, жауапты тұлғалардың тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін.
Айта кету керек, ӘРПК қабылданғаннан бері әкімшілік рәсімдердің азаматтың құқықтары мен мүдделеріне бағытталуы күшейді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, Түркістан облысының мемлекеттік органдарында 2026 жылдың 2 айында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде 42 мыңнан астам жолданым тіркелген (арыз – 33 347, шағым – 1 859, хабар – 1 729, сұрау салу – 3 686, үн қосу – 43, ұсыныс – 1 414), оның 27 мың жолданымы қаралса, 9 мың құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданған.
Ал 2025 жылдың көрсетілген мерзімінде 30 мың жолданым тіркелген, яғни қазіргі таңда жолданым саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 39,8%-ға көбейген.
Демек, халық арасында «е-Өтініш» АЖ-да өтініштердің қаралу сапасына деген сенімділік артып, қолдану жағдайы күннен күнге артып жатқандығын білдіреді.
Бұл құқықтық мәдениеттің артуына және мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді өзара байланыс механизмін қалыптастыруға ықпал етеді. Әр өтініштің артында шынайы тағдыр, үміт, сенім бар. Сол сенімді ақтау – билік үшін тек міндет емес, абырой ісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Түркістан облысы бойынша департаменті

