Бүгін «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Бақытжан Рашовтың Ақбиік ауылдық округінің мәселелері бойынша жеке қабылдауы өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық қабылдауда Ақбиік ауылындағы бетондаудан өткен жоғарғы «Көкірек» каналының сапасына деген наразылықтар білдірілді. Одан бөлек, Құлан елдімекеніндегі М.Мәметова көшесінің аяқ жағы мен Новостройка көшесі ортасындағы сайға көпір салу қажеттілігі, Сарытөр елдімекеніндегі Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан бірнеше үйге келмей тұрған ағын судың мәселесін шешу, сол елдімекеннен өтетін КХ-70 облыстық маңызы бар жолындағы ипподром тұсына жауын-шашыннан жиналатын суды ескере келе, көпір салу мәселесі көтерілді.
Қоғамдық қабылдау қорытындысымен хаттама түзіліп, тиісті мекеме басшыларының атына хат жолданды. Қоғамдық қабылдау аяқталысымен халықтың сұранысымен Т.Рысқұлов, Сарытөр, Құлан елдімекендерімен өтетін облыстық маңызы бар жолға 11 метр құрайтын көпір қою бойынша кездесу өтті. Кездесуге қатысқан «Достықспецтранс» ЖШС мердігер мекеме өкілдері халық көрсеткен орынға көпір салып беруге уәдесін беріп, хаттама түзіліп, ауыл тұрғындарымен бірауыздан келісілді.

