Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған бірқатар тексерулер жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында 88 дәріхана, 16 медициналық ұйым және прекурсорлар айналымына байланысты 15 ұйым тексерілді. Есірткі құралдары мен психотроптық заттар айналымы саласындағы объектілерді техникалық нығайту талаптарын бұзудың 2 жайты анықталды.
Сондай-ақ фармацевтикалық қызмет, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласы ережелерін бұзудың 6 дерегі тіркелді. Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет үшін 20-дан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек «Дәрмек» шарасын өткізу кезінде заңсыз айналымнан 360 тонна прекурсорлар мен 14 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Полиция есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы қоғамға елеулі қауіп төндіретінін және мұндай құқық бұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

