ЖАЛАҚЫСЫ САҚТАЛМАЙТЫН ДЕМАЛЫСҚА РҰҚСАТ ЕТІЛЕ МЕ?

Қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша 6 айға дейін немесе 1 жылға дейін жалақысы сақталмайтын демалысқа рұқсат етіле ме? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі

97-бап. Жалақы сақталмайтын демалыс

  1. Еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыскердің өтініші негізінде оған жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
  2. Жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.

Еңбек заңнамасында жалақы сақтамайтын демалыстың максималды шекті ұзақтығы белгіленбегенін атап өтеміз.

Осылайша, жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша, яғни қызметкер мен жұмыс беруші арасында анықталады.

Егер қызметкер толық жыл жұмыс істемесе, мысалы, 6-7 ай және тараптардың келісімі бойынша еңбек демалысына кетсе, сауықтыру жәрдемақысы қалай төленеді?

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі

92-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі.

3.Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы бөліктерінің бірі күнтізбелік он төрт күннен кем болмауға тиіс.

139-бап. Азаматтық қызмет

  1. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.

Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.

Осыған байланысты жыл сайынғы ақы төленетін ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ ТОЛЫҚ НЕМЕСЕ ІШІНАРА БЕРІЛГЕНІГЕ ҚАРАМАСТАН,САУҚТЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖӘРДЕМАҚЫ ТОЛЫҒЫМЕН ТӨЛЕНЕДІ.

Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті ме?

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі

113-бап. Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері

  1. Жалақы төлеу кезінде ЖҰМЫС БЕРУШІ әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді ЖАЗБАША НЕМЕСЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ НЫСАНДА АЙ САЙЫН ХАБАРЛАУҒА МІНДЕТТІ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды