ЖҮРЕКТЕРІҢДЕГІ МЕЙІРІМ ҮНІ БҮКІЛ ҒАЛАМДЫ ТЕРБЕЙДІ

Мемлекеттің басты байлығы – адам деп пайымдайтын «AMANAT» партиясы, Қазақстан азаматы өз елі, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруі керек деп біледі. Осы жолда біз, қатарымыздағы мыңдаған партия өкілдері, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасына бастамашылық етіп келеміз. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жолда партиямыз ана мен балаға лайықты қамқорлық көрсетуді ең негізгі басымдық деп біледі. Ана мен бала құқықтарының қорғалуында заңнамаларға маңызды түзетулер енгізілгені белгілі. Елімізде әр сәби дүниеге келген сәтінен бастап, ұлттық бағдарламалардың қатысушысы болып табылады. Ұлттық қор табысының бір бөлігі балалардың есепшотына түсіп жатыр. Бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуына баса мән берілуде. Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілетін болды. Жаңа мектептердің салынуы партиямыз бекіткен Сайлауалды бағдарламаның негізгі тармағына айналды. Балаларымыздың сапалы білім алуы үшін «Жайлы мектептер» салынуда. Жоғары білім алуға гранттар саны айтарлықтай ұлғайды. Кәсіптік білім беруге баса мән берілуде. Осының бәрі мемлекеттің балаларға жасап жатқан қамқорлығының нақты көріністері.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының өкілдері Сайрам ауданы, Қасымбек датқа елді мекеніндегі балалар ауылына барды. Партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев және партияның Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің Түркістан облысына жауапты инспекторы Жәнібек Дарханбаевпен бірге балаларды жарқын мерекесімен құттықтап, партия өкілдерінің балаларға арналған ыстық ықыласты мерекелік сый-сияпатын табыстады.

– Баршамызға ортақ зор міндет бұл – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Балалардың тұлғалық дамуына ықпал ететін барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. Жастарымыздың балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта тиісті күтім мен барынша қамқорлықта болулары үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Бұл бағытта елімізде жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалуда, – деді жас өскіндерге құттықтау сөзін арнаған Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Үлкендер үмітін ақтауда көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз болып отырған жастар сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуында белсенді болады деген сенімдеміз. Бүгінгі балалар ертең еліміздің жанашыр азаматтары болып жетіліп, мемлекетіміздің тірегіне айналады деп білеміз. Балалардың оқуда озат болуларына, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларына аға толқын өкілдері ретінде шынайы тілекшіміз.

Шат-шадыман көңілге бөленген балалар, өздері тұратын ауылға қадірлі мейман боп келген қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, тыныс-тіршілігін таныстырды, шығармашылық өнерлерін көрсетіп, әлемді мейір мен қуанышқа бөледі. Балалар бабалар рухы тербеген қасиетті жер – Түркістан қаласына ыстық сәлемін жолдап, меймандармен қимай қоштасты.

Кіршіксіз армандарың биікке жетелесін, жас өскіндер! Сендердің шын ықыласты тілектеріңмен мына әлем гүлденіп тұр, жүректеріңдегі мейірім үні бүкіл ғаламды тербейді. Бар қазақ үшін қастерлі Түркістан сендердің дұға-тілектеріңді қайтармайды, армандарың міндетті түрде орындалады деп біліңдер, балақайлар!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды