Жұмыс берушінің жұмыскерді кесте бойынша еңбек демалысына жібермеуге құқығы бар ма? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.
ҚР Еңбек кодексінің 93-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезектілігі қызметкерлердің пікірін ескере отырып, жұмыс беруші бекітетін демалыс кестесіне сәйкес не қызметкерлердің өкілдерімен және кәсіподақпен жыл сайын айқындалады..
Өндірістік қажеттілікке байланысты демалыс кестесі өзгерген жағдайда жұмыс беруші бұл туралы қызметкерге еңбек демалысы басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын хабарлауға міндетті. Қызметкерге жазбаша хабарлама дайындау, қол қою арқылы таныстыру қажет.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жұмыс жылы шеңберінде берілмеген жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауаптылықта болады, бұл ретте жұмыс берушіні жұмыскерге еңбек демалысын беру міндетінен босатпайды.
Егер бұрын жалақысы сақталмайтын демалыс туралы өтініш жазылған болса, уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленеді ме?
ҚР Еңбек кодексінің 133-бабы 4-тармағының 6-тармақшасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы жалақысы сақталмайтын демалысқа келетін болса, еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін төленбейді.
Сондықтан, егер сіз жалақысы сақталмайтын демалыс кезінде ауырып қалсаңыз, онда уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленбейді.