Қызметкер жұмыс берушіге уақытша еңбекке жарамсыздық парағын қай мерзімге дейін өткізуге міндетті? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.
Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 907 бұйрығы.
- Жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі туралы парақты жұмыс берушіге еңбекке уақытша қабілетсіздігі туралы парақта белгіленген жұмысқа шығатын күні немесе жұмысқа қабілетсіздігі аяқталғанға дейін ұсынады.
Үнемі еңбекке уақытша қабілетсіздігінде болған жағдайда қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?
ҚР Еңбек Кодексі 52-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері
- Жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша:
20) жұмыскер жүктілігіне және босануға байланысты демалыста болған, сондай-ақ егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Қызметкерге бірінші топтағы мүгедектік берілсе, оның жұмыс уақыты қалай есепке (табель) алынады және оған қандай арнайы бұйрық рәсімделеді?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 69-бабы 3-тармағына сәйкес бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
Осыған орай, жұмыскерге бірінші топтағы мүгедектік берілген жағдайда жұмыс уақытына қатысты еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізу және жұмыс берушінің актісімен жұмыскердің жұмыс уақытын бекіту қажет.
Мүгедектігі бар қызметкерлердің табысынан 10% МЗЖ (міндетті зейнетақы жарналары) ұсталады ма?
ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының 3-тармағына сәйкес, егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі — МЗЖ) төлеуден босатылады. Осы санаттар өтініш бойынша МЗЖ төлей алады (өз еркімен).
МЗЖ төлеуден: III топтағы мүгедектігі бар адам; белгілі бір мерзімге берілген анықтамасы бар мүгедектігі бар адамдар; мүгедектігі бар балалардың ата-аналары (қамқоршылары, асырап алушы ата-аналары) босатылмайды.