ТОЛЫҚ ЕМЕС ЖҰМЫС УАҚЫТЫ БЕЛГІЛЕНУІ МҮМКІН БЕ?

Келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі

70-бап. Толық емес жұмыс уақыты

  1. Еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
  2. Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.
  3. Жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуінің (бала асырап алушының), сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.

2024-2026 жылдарға арналған салалық деңгейдегі оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 6.1-тармағына сәйкес педагогтер және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы (жалақы ставкасына педагогикалық жұмыс сағатының нормасы) толық еңбекақы төлемі сақтала отырып, аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына негізделіп белгіленеді.

Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ұйым басшыларына, олардың орынбасарларына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына қолданылмайды.

Салалық келісімнің 6.15-тармағына сәйкес І және ІІ топ мүгедектері үшін толық еңбекақы төлемі сақтала отырып, аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды