Бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, пациентпіз, жолаушымыз, клиентпіз, оқырманбыз, демек тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің тұрғындары тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жатады.
Бұл – тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. Ал бізде тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?
Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүктелген міндеттердің бірі – ақпарат беру және сауаттандыру. Бұл бағытта департамент мамандары түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Иә, халықтың тұтынушы ретінде өз құқықтарын білгені өте маңызды. Олай болса, бұл іске біз де өз үлесімізді қосайық.
Қазір дүние жүзі мемлекеттерінің заңдары БҰҰ Бас Ассамблеясының Тұтынушылар құқығын қорғаудағы негізгі қағидаларды басшылыққа алады. Ол қағидалар – тауардың қауіпсіздігі, ақпарат құқығы, тауарды таңдау құқығы, өз мүддеңді жеткізе алу (шағымыңды жеткізу) құқығы, негізгі қажеттіліктеріңді қанағаттандыра алу, шығынның орнын жабу, тұтынушыларды сауаттандыру, салауатты қоршаған орта.
Ал біздің елімізде тұтынушылардың заң бойынша төмендегідей құқықтары бар:
1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасу;
2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағарту және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыру;
3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алу;
4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу;
5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдау;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;
7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алу немесе қайтарып беру.

