СУПЕРМАРКЕТТЕГІ ҚҰҚЫҚТАРЫҢЫЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУІҢІЗ КЕРЕК?

Жыл сайын супермаркеттер мен сауда орталықтарына сұраныс артып келеді. Алайда жайлылықпен қатар даулы жағдайлар да кездеседі. Мысалы, күзетші сөмкеңізді арнайы ұяшыққа қалдыруды талап етеді немесе сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Мұндай әрекеттердің қаншалықты заңды екенін білейік.

Біріншіден, “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Қазақстан Республикасының Заңының 24-бабы азаматтың тауарлар мен қызметтерге еркін және қауіпсіз қол жеткізу құқығын бекітеді.

Бұл — сатып алушы сауда залына жеке заттарымен, яғни сөмкемен, рюкзакпен еркін кіре алады дегенді білдіреді.

Заңда оларды сақтау камерасына тапсыру міндеті көрсетілмеген. Егер күзетші ұсынса, бұл тек сіздің еркіңізбен ғана жүзеге асады.

Мұндай жағдай ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауымен (“Сақтау шарты”) реттеледі. Ал 380-бапқа сәйкес кез келген шарт өзара келісім бойынша жасалады.

Көбіне шығарда күзетші сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Алайда бұл — талап емес, тек сыпайы өтініш. Сіз одан бас тартуға толық құқығыңыз бар.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 16-бабына сәйкес, жеке тексеру мен заттарды тексеру тек әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда ғана, әрі полиция қызметкерлері тарапынан жүргізіледі.

Мұндай іс-шаралар бейнежазбаға түсіріліп, міндетті түрде хаттама толтырылуы қажет (ҚР ӘҚБтК 791-бап).

Күзетші сізді ұстап тұруға да, тексеруге де құқылы емес. Ол тек полиция шақырып, күтуге міндетті.

Күзетшілердің өкілеттіктері “Күзет қызметі туралы” ҚР Заңымен реттелген.

1, 3 және 4-баптарда күзетшілер қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мүлікті қорғауы тиіс делінген, бірақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға құқығы жоқ.

Яғни, олар жеке тексеру жүргізуге, тінтуге, заңсыз күш қолдануға немесе қозғалыс еркіндігін шектеуге құқылы емес.

Өкілеттігін асыра пайдалану ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы (“Жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалану”) бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.

Егер сіздің құқықтарыңыз бұзылса:

  • Сабырлы және сыпайы әрекет етіңіз;
  • Заңсыз талаптардан бас тартыңыз;
  • Полиция шақыруды ұсыныңыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды