Ардақты ағайын!
Баршаңызды ұлық мейрам, мейірім мерекесі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Исламның тағлымды дәстүрлерінен тамыр жайған, адам баласын ізгілік пен шапағатқа бөлейтін, өзара адал, жанашыр болуға үндейтін бұл мереке – еліміздің рухани тұтастығының өзегі боп бекіді.
Құрбан айт – ынтымақ пен ырыздықты көбейтенін, шүкірлік пен қанағатты арттыратын қасиетті күн. Имандылықты тәрбиенің көзі деп білетін, қайырымдылықты адамгершіліктің арқауы деп санайтын ұлтымыз үшін, бұл мереке, әрқашан, терең бауырмалдықтың белгісі, кеңпейіл жомарттықтың нышаны ретінде саналған. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан салт-санасы, тәлім-тәрбие жүйесі, наным-сенімі – сыйластық пен қамқорлық сынды асыл құндылықтарға негізделген. Дін мен дәстүр сабақтастығын – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі деп білеміз.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан қаласына биыл ерекше мәртебе беріліп, ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болған шаһар еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы болып заң жүзінде бекітілді. Руханиятымыздың мызғымас діңгегіне айналған Түркістан алдағы уақытта да ұлттық бірлігімізге қызмет етіп, баянды болашағымызға бастайтын қуатты орталық боларына сенеміз. Біздің баршамызды Түркістанның тарихи миссиясы, оның рухани мұра-мирасы біріктіреді. Қоғамды ортақ игілікке жұмылдыратын талай бастама – осы қасиетті топырақтан басталады деп білеміз.
Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Айттан айтқа аман-есен жете берейік!
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,
Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі