Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Елімізде 5 маусым – эколог мамандардың кәсіби мерекесі санатында атап өтіледі. Қазақстан жаһандық деңгейде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78 сессиясы аясындағы Жалпы дебатта «Жарқын әлем құруға деген ортақ мақсатымыз біздің әралуандығымыздан әрдайым биік тұруға тиіс екенін есте ұстайық. Қазақстан жарқын, әділетті және орнықты әлем құру ісінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын», — деп мәлімдеді.
Қазақстанның жалпыадамзаттық бастамалары климаттық өзгерістермен күрес жүргізу, Әділетті энергетикалық жүйеге көшу, «жасыл» экономикаға негізделген жұмыс орындарын құру, су тапшылығының алдын алу, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану міндеттерін қамтиды. Өскелең ұрпақтың денсаулығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы саналады.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы барша қазақстандықтарды табиғатты қорғау идеясына біріктірген ізгілікті іске айналды. Шын мәнінде, тазалықтың мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Адал азамат ұғымын алға шығарған елімізде, тазалық – адалдықтың ең әуелгі нышаны деп байыпталды. «Ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет», — деп атап өтті Мемлекет басшысы, биылғы 21 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде.
Жалпыұлттық жоба арқылы қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыруда «AMANAT» партиясы осыдан бір жыл бұрын «Таза бейсенбі» акциясын өткізуді бастады. Партияның Түркістан облыстық филиалы осы бастаманы апта сайын, тұрақты негізде үздіксіз өткізіп келеді. Партия белсенділері, ардагер аға ұрпақ өкілдері, бастауыш партия ұйымдары, филиал қызметкерлері, партиялық фракция депутаттары, еріктілер топтары, жас белсенділер тазалық жүргізу, тал егу, ескерткіштерге күтім жасау, аға толқын өкілдерінің үй шаруашылықтарына көмек көрсету жұмыстарын атқарды. Бүгін аманаттықтар осы мазмұндағы 20-шы тазалық апталығын өткізіп отыр. Осы кезең ішінде партия өкілдері 12 тоннаға жуық қоқыс шығарып, туған өлкенің ажарлы болуына үлестерін қосты.
Ауқымды тазалық жұмыстары тау бөктерінде, су айдындарында, өзен-көлдер жағалауларында, тарихи орындар мен ескерткіштер аумақтарында, саябақтарда, магистралды күре жол бойларында өткізілді. Партия белсенділері жасыл желек қорларын ұлғайтуға атсалысты, қарт майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің үй шаруашылықтарына көмек қолын созды, көпшілік жүретін орындардың қарын күреп, көпқабатты тұрғын үй аулаларын реттеуге күш біріктірді.
Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар партияның Сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасының маңызды тармақтары болып енді. Оның ішінде Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеудің көлемін 5400 гектарға жеткізу, газ отынымен жүретін қоғамдық көліктер санын ұлғайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге басымдық беру, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкестендіру, сұрыптау желілері бар полигондар салу, Кентау қаласы мен оған жақын орналасқан аймақтардың экологиялық мәртебесін айқындау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті орнықтыру міндеттемелері белгіленіп, олардың орындалуы облыстық партия филиалы жанындағы экологиялық кеңестің тұрақты назарына алынған.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын экологиялық стандарттар шеңберінде дамытуда, егістік және жайылымдық жерлерді ұлғайту, жер тозуының алдын алуда ауыспалы егістік әдістерін қатаң ұстану, ылғал үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ағын суды үнемді пайдалануда арналарды бекемдеу, шаруаларды суды үнемді жұмсауға ынталандыру, қазба байлықтарын және биоресурстарды өндіруде жүгенсіздікке жол бермеу, облыс орталығының микроклиматын жақсарту, оның айналасында азық-түлік белдеуін құру жұмыстары партиялық және депутаттық корпустың бақылауына алынған.
Облыстық партия филиалы алдымызда тұрған қоғамға ортақ экологиялық мәселелерді шешуде кәсіби эколог мамандармен ықпалдастық байланыстар орнатты. Әсіресе, партия мен эколог мамандардың бірлескен іс-қимылы өткен жылы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысында пайдалы нәтижесін берді деп нық сеніммен айта аламыз. Осы мамандардың арқасында тұрғындар энергия көздерінің экологиялық аспектілері жөнінде жан-жақты сараланған, дәйекте түрде дәлелденген ақпараттар алды, прогрессивті технология шын мәнінде, қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтауға қызмет ететінін түсіндіріп берді.
Бүгінгі атаулы күнге орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен эколог мамандармен бірлесе Отырар ауданында оқушылар арасында сурет салудан және өлең айтудан «Жасыл желек» іс-шарасы өтетін болады. Сондай-ақ Сайрам ауданында Халықаралық экологиялық премияның лауреаты, «EcoCashback» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владислав Голярконың қатысуымен «Макулатураны жинап, ағашты сақта!» экологиялық акциясы бастауын алады. Партияның Сайрам аудандық филиалында, орталық ауруханада, «Қоғамдық келісім» мекемесінің филиалы мен Ақсукент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында макулатура жинау бойынша уақытша бекеттер ашылады. Қайта өңдеуге өткізілген қағаздан түскен табыс «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері берілетін болады.
Эколог мамандарға жанашырлық еңбектері үшін, қоршаған ортаны сақтауға және жақсартуға деген адал талпыныстары үшін облысымыздағы 84 мыңнан астам партияластарымыздың атынан шынайы алғысымді білдіремін! Отбасыларыңызға амандық, шаңырақ шаттығын тілеймін!
Алтын арайлы Қазақстанымыз Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген ел бола берсін!
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі