2025 жыл — еліміз үшін ерекше маңызға ие кезең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл шешім – өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты нақты салаларда еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға көрсетілген жоғары құрметтің көрінісі. Ел экономикасының негізін құрайтын осы маман иелерінің ішінде өнегелі өмір жолымен дараланатын тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Маналов Маратбек Тоқтамысұлы. Ол — тұтас ғұмырын өнеркәсіп саласына арнап, темірмен тілдескен, нағыз өндіріс адамы. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Маратбек Тоқтамысұлы 1964 жылы Түркістан облысындағы Ақсу ауылында дүниеге келген. 1981 жылы орта мектепті аяқтап, еңбек жолын сол жылы-ақ Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауытында қарапайым металл өңдеуші ретінде бастаған. Бір жылдан кейін әскер қатарына шақырылып, 1982–1984 жылдары Балтық жағалауында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келеді. Әскерден оралған соң, өзіне етене таныс зауытқа қайта оралып, еңбек жолын жалғастырады.
Жай жұмысшыдан білікті маманға дейінгі жол — қажырлы еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Қазіргі таңда ол зауыттың механикалық бөлімінің тірегіне айналған. Әсіресе, су сорғыларына арналған бөлшектерді дайындау ісінде оның қолтаңбасы ерекше. Түрлі станоктарды жетік меңгерген маман ретінде кез келген техникалық тапсырманы мінсіз орындап, өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуіне зор үлес қосып келеді.
Механикалық бөлім — өндірістің жүрегі. Мұнда жоғары дәлдікті талап ететін кесу, жону, бұрғылау, өңдеу, шарықтау секілді күрделі жұмыстар атқарылады. Бұл бөлімде әр станоктың тілін білетін, әр бөлшектің нөмірі мен пішінін жатқа айтатын тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Айта кету керек, зауыттағы кейбір станоктар 1956 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың үздіксіз гүрілі – зауыт жұмысшылары үшін үйреншікті үн, ал Маратбек аға үшін – еңбектің ырғағы, тіршіліктің әуені.
Кейіпкеріміздің осы саладағы еңбек өтілі 44 жылға жетті. Бұл — бір адамның өмірі ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол Кеңес Одағы тұсынан бастап, еліміздің тәуелсіздік алған кезеңі мен бүгінгі жаңғыру жолына дейінгі талай тарихи сәттердің куәсі болды. Оның өнегелі өмірі мен кәсібіне деген адалдығы – еліміздегі мыңдаған еңбек адамдарының жарқын бейнесін бейнелейді. Осындай жандардың арқасында ел экономикасы дамып, қоғамда еңбекке деген құрмет артып келеді.

