Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой, — деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың отты өлеңдері ер түріктің ежелгі мекені болған Тұранның өр рухын білдіріп, барша түркі жұртына ортақ қастерлі Түркістанның тұғырлы мәртебесін айшықтайды.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па!
Көп түрік енші алып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!
Түркістанның терең тарихын жырлаған, түркі халықтардың нәр алып, тамыр жайған Тұран даласының бүгінгі мирас-мұрагері – Қазақстан екенін айтқан Мағжан Жұмабаев, қазақтың маңдайына Абайдан кейін біткен ұлы ақын, өлең өрнегін мың құбылта жырлаған дарабоз шайыр.
Түбі бір түркі халықтардың бірлігін жырына арқау еткен Мағжан Жұмабаевтың есімі бүкіл түркі әлеміне әйгіленген. Мағжанды қазақ қоғамы қандай құрмет тұтса, күллі түркі дүниесі де оның есімін ардақ тұтады. Қазақстанда және бауырлас түркі мемлекеттерде Мағжан оқуларын өткізу, ақынның шығармашылығына арналған басқосулар ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп тұру үрдістері қалыптасқан.
Қазақ ұлттық поэзиясының падишасы атанған ақынның әкесі Бекеннің (Бекмағамбеттің) бейіті Петропавл қаласындағы орталық саябақ аумағында қалған. Жергілікті бір топ зиялылар зират басына құлпытас орнатып, ақынын іздеген халыққа жағдай жасаған. Мағжан Жұмабаевтың сүйегі қойылған жер туралы деректер тарихта қалмаған, ақын рухына тағзым етіп келушілер, оның әкесінің басына келіп Құран бағыштайды.
«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Әйелдер қанатының форумы Петропавл қаласында жұмысын бастады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Аталған іс-шараға қатысу үшін Солтүстік Қазақстан облысының орталығына жұмыс сапарымен келген партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық партия филиалы төрағасының Әйелдер қанаты бойынша кеңесшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Қызылжар өңіріне табан тіреген сәттен бастап, ұлт руханиятының бәйтерегіне баланған ақын рухына тағзым етуді ұйғарды. Барша қазақ қастер тұтқан тұлғаны дүниеге әкелген, оның арқа сүйер тірегі, өмірлік бағдаршысы болған асыл азаматтың зиратына барып, Түркістан өңірінің жұртшылығы атынан ақын рухы алдында басын иіп, тағзым жасады, елдің амандығын тілеп, дұға етті.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен…
Түркі жұртының бойтұмары болған Түркістанда Мағжан Жұмабаевтың жырлары мәңгілік қалықтайды деген сенімдеміз.