МҰҒАЛІМГЕ ҚАНША КҮНДІК ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ БЕРІЛЕДІ?

Педагог 2024 жылдың қазан айында білім беру ұйымына жұмысқа орналасты. Еңбек демалысына 2025 жылдың 2 маусымынан бастап шығады. Бұл мұғалімге қанша күндік еңбек демалысы беріледі? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.

Педагогтарға ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес ұзақтығы күнтізбелік 56 күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік берілген.

Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімінің 6.8. тармағына сәйкес тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде беріледі.

Педагог жұмысқа 2024 жылдың қазан айында қабылданды. Бірінші жұмыс жылы үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы педагогқа 2025 жылғы маусымнан Салалық келісімнің 6.8. тармағына сәйкес ұзақтығы 56 күнтізбелік күн алдын ала беріледі.

Экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақта жұмыс жасайтын мұғалімдерге жыл сайын ақы төленетін қосымша 7 күнтізбелік күн демалыс белгіленеді. Осы аймақта жұмыс жасайтын мұғалімдерге Салалық келісімнің 6.8. тармағына сәйкес ұзақтығы 63 күнтізбелік күн алдын ала беріледі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды