Егер мұғалімдерді мектепте 08.00-ден 18.00-ге дейін болуға мәжбүрлесе не істеу керек? Бұл сұраққа Түркістан облыстық білім кәсіподағының төрағасы Жандос Шайдулла түсіндірме береді.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған өлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 6.4-тармағы негізінде Еңбек инспекциясына шағымдана аласыз.
6.4. Сабақ өткізуден, кезекшіліктен, білім беруді ұйымдастырудың жоспарымен қарастырылған сабақтан тыс іс-шараларға (педагогикалық кеңес отырыстары, ата-аналар жиналысы және т.б.) қатысудан бос сағаттарын педагог өз қалауынша пайдалануға құқылы.
ҚР Еңбек кодексінің 154-бабының 2 және 7-тармақтарына сәйкес Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады, сондай-ақ келісімнің талаптарын бұзуы немесе орындамауы ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.