Гүлзада Шупшекбаева – Кентау қаласы, Таңшолпан бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. Ол кәсіподаққа мүше болудың өз еңбек құқықтарын қорғаудың ең сенімді әрі тиімді жолы екендігін айтады. Бұл туралы Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Гүлзаданың айтуынша, кәсіподақ жұмыскерлерге заң аясында қорған болуға, жұмыс орнында әділдік орнатуға және қауіпсіз, қолайлы еңбек жағдайын талап етуге мүмкіндік береді. Әділ жалақы, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек демалысының толық сақталуы – кәсіподақтың ұжымдық келіссөздер арқылы жеткен нақты нәтижелері.
Кәсіподақ оның үшін жай ғана ұйым емес, бірлік пен татулықтың, өзара қолдаудың және әріптестік сенімнің ордасы болып табылады. Ол ұжымдағы әр қызметкердің мүддесін қорғауға атсалысып, ортақ мақсаттар үшін жұмыла әрекет етудің маңызын ерекше бағалайды. Ұжым ішіндегі әлеуметтік әділеттілікті сақтау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және бұзушылықтарға қарсы тұру – оның кәсіподақтағы басты ұстанымдары.
Сонымен қатар, кәсіподақ Гүлзадаға кәсіби дамуға, өз пікірін ашық айтуға және құқықтарын қорғаудың жолдарын үйренуге мүмкіндік берген. Ол әріптестерімен бірге білім беру мекемесінде жайлы, ынтымақты әрі әділ жұмыс ортасын қалыптастыруға тырысуда. Сондықтан Гүлзада Шупшекбаева кәсіподақтың мүшесі болғанына мақтанышпен қарайды.