КӘСІПОДАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ЖҮРЕК ҚАЛАУЫМЕН КЕЛГЕН

Нилуфар Хильветова — кәсіподақ қозғалысына жүрек қалауымен келген, әр ісіне шынайы жауапкершілікпен қарайтын маман. Ол ұстаздық жолын кәсіподақ қызметімен ұштастырып, еңбек адамының мүддесін қорғау ісіне адалдықпен кіріскен ардақты педагог. Кәсіподақты жай ұйым емес, қоғамдағы әділет пен ауызбірлікке бастар жол деп қабылдайды. Бұл туралы Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы хабарлады.

Нилуфардың кәсіподақ саласындағы кәсіби жолында айрықша із қалдырған үш тағылымды кезең бар. Біріншісі – Қазақстан еңбекші әйелдерінің І форумы. Бұл — нәзік жанды аналардың, еңбеккер әйелдердің қоғамдағы орнын биіктетіп, әлеуметтік теңдік пен әділеттілікті дәріптеген маңызды жиын болды. Форумда Нилуфар өз ойын еркін айтып, өз саласының тыныс-тіршілігіне үн қосты.

Екінші сәт – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталинмен болған кездесуі. Бұл жүздесу оның азаматтық көзқарасын бекемдеп, кәсіподақ қозғалысының биік миссиясын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Үшінші маңызды оқиға – білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған халықаралық конференция. Ғасырлық тарихты дәріптеген бұл алқалы жиында Нилуфар өз өңірінің жетістіктерін таныстырып, әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Осы үш кезең — оның кәсіподаққа деген сенімін нығайтып, кәсіби бағыт-бағдарын айқындаған ерекше белестер.

Нилуфар Хильветова үшін кәсіподақ – жай ұйым емес, қоғамдағы әділеттілік пен бірлікке бастар жол. Ол бұл саланы елдің ертеңіне қызмет ететін ұлы мұрат деп бағалап, алдағы уақытта да оның өркендеуіне үлес қосып, еңбек адамының үнін биіктен жеткізуді өзінің азаматтық парызы санайды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды