Жуырда, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев «Сайрам аудандық ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ның кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Кездесу барысында кәсіподақ мүшелерімен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер мен кәсіподақ ұйымының қызметі жайлы маңызды мәселелер талқыланды. Әсіресе, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі болды.
Жиында кәсіподақ өкілі Айдар Бахтыбаев өз сөзінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымындағы орны мен маңыздылығына тоқтала келе, олардың қызметін жандандыру қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ, ол ветеринария саласы қызметкерлерінің еңбек процесінде әртүрлі биологиялық және физикалық қауіптерге жиі ұшырайтынын, сондықтан еңбек қауіпсіздігі талаптарының мүлтіксіз сақталуы — басты міндет екенін атап өтіп, соңғы жылдары елімізде өндірістік жазатайым оқиғалар санының азаймағанын, бұл ретте жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың бірлесе әрекет етуі маңызды екенін еске салды.
Бұдан басқа еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы оқытулар мен нұсқаулықтардың тұрақты түрде өткізілу қажеттілігі айтылып, қызметкерлердің өндірістік жарақат алу қаупін төмендетуге бағытталған нақты шаралар ұсынылды.
Кездесу соңында кәсіподақ мүшелері тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, олар бойынша нақты жауаптар мен ұсыныстар берілді.