КӘСІПОДАҚ – ӘДІЛЕТТІЛІККЕ БАСТАЙТЫН НАҚТЫ ЖОЛ

Жанар Изтаева – Кентау қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. Ол үшін кәсіподақ – жай құрылым емес, кәсіби жолындағы әділеттілікке жеткізген басты күш. Өз қызметінде түрлі қиындықтар мен түсініспеушіліктерге тап болған кезде, кәсіподақ нақты қолдау көрсетіп, мәселелерінің әділетті әрі заңды шешілуіне көмектесті. Бұл туралы Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы хабарлады.

Бұл тәжірибе оның еңбек құқығының қорғалатынына, әр қызметкердің мүддесі назардан тыс қалмайтынына деген сенімін арттырды.

Жанар үшін кәсіподақтың көмегі тек жеке басына емес, бүкіл ұжым үшін де маңызды. Ол әріптестерінің әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуде белсенділік танытып, құқықтарын қорғауға ықпал етіп келеді. Кәсіподақтың араласуымен мұғалімдер еңбек демалысы, сыйақы, жүктеме, құқықтық кеңес алу секілді өзекті мәселелерде әділ шешімдерге қол жеткізуде.

Жанар Изтаеваның айтуынша, кәсіподақ – әділеттілікке бастайтын нақты жол. Қызметкердің өзін қорғалған сезінуі – оның кәсіби міндетін сенімді әрі сапалы орындауының кепілі. Сондықтан ол кәсіподақтың күшін нақты істерден көріп, әділет пен бірліктің шынайы белгісі ретінде бағалайды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды