Қоғамда өзгелердің өмірі мен денсаулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Олар – нағыз еңбек адамдары. Осындай абыройлы міндетті арқалап жүрген мамандардың бірі – Ядгар Бекмуратұлы Пулатов. Ол үшін фельдшерлік мамандық – жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен адамгершілікке негізделген өмірлік жол. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Адам өміріне араша түсуді басты мұраты еткен жерлесіміз – Пулатов Ядгар Бекмуратұлы Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында орналасқан Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында шұғыл көмек көрсету бригадасының фельдшері болып қызмет атқарады.
1992 жылы дүниеге келген Ядгар Бекмуратұлы М. Горький атындағы мектептің түлегі. 2018 жылы «Азимед» медицина колледжін аяқтап, жедел жәрдем саласында еңбек жолын бастаған. Бүгінде осы салада 5 жылдан аса уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның әр күні – күтпеген жағдайлар, жедел әрекет пен үлкен жауапкершілікке толы.
Науқастың жағдайын бір қарағанда бағалап, дер кезінде шешім қабылдай білу – оның басты кәсіби қасиеттерінің бірі. Қиын сәтте көмекке асығып жететін, адам өміріне араша болуға дайын маман ретінде ұжым арасында үлкен құрметке ие.
Ядгар Бекмуратұлы – отбасылы азамат, екі баланың әкесі. Жұбайы – Сайрам аудандық орталық ауруханасында қызмет ететін неонатолог-дәрігер. Бұл жас отбасы – денсаулық сақтау саласына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың жарқын үлгісі.