Бүгін Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Түркістан облыстық Қоғамдық басқармасының ұйымдастыруымен 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өтті.
Форумның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өз сөзінде жиналған көпшілікті еліміздің тарихындағы айтулы мереке – Рәміздер күнімен ыстық лебізді ниетімен құттықтай келе, Тәуелсіздікті сақтау, оның қадір-қасиетіне жете түсіну мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын екендігін, осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, татулықтың, өсіп-өркендеудің белгісі» деген сөздерін еске салып, біз әрдайым жас ұрпақтың қанында рәміздерге деген ерекше патриоттық сезімнің қалыптасуына жағдай жасай отырып, әр адамның бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – бәріміздің азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз екендігін айтты.
Форум барысында Ертай Алтаев облыс көлемінде ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, технология және бизнес салаларында нәтижелі жетістікке жетіп, республикалық және халықаралық ареналарда еліміздің туын желбіретіп, ерекше ерлік үлгілерін көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Патриоттар форумы Түркістан қалалық Мәдениет үйінің өнер шеберлері мен жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен аяқталды
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы,
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы,
облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі

