БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов Шардара қаласындағы Б.Соқпақбаев жалпы білім беретін мектебінде “Шардара ауданының білім саласындағы өзекті мәселелері» тақырыбында білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы Түркістан облыстық білім кәсіподағы хабарлады.

Кездесуге 32 мектеп директорлары, 41 балабақша меңгерушілері шақырылған.

Кездесуді аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Мусатаева жүргізіп отырды.

Департамент басшысы Ғалымжан Бауыржанұлы Шардара ауданындағы білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өту барысындағы нәтижелері, білім сапасының көрсеткіштері, арыз-шағымдар мен проблемалық мәселелері туралы айтты.

«Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Шайдулла еңбек тәртібі мен педагогикалық әдепті сақтау, кәсіподақ тарапынан қарастырылған қолдаулар, қызметкерлердің құқықтары жайында ақпараттар берді.

Келесі сөз кезегінде Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Еркінбек арыз-шағымдарды тоқтату үшін білім мекемелерінде еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау, ұжымдық шарт құжатын реттеу, келісу комиссиясының жұмысын түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған департамент басшысы Ғалымжан Бауыржанұлы мекеме басшыларына педагогтер арасындағы дауларды, арыз-шағымдарды тоқтатуға, өзара түсіністік табуға, педагогикалық әдепті, адалдық принциптерін сақтай отырып өз міндетіне сай жұмыс жүргізуге шақырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды